Creotalents жобасы командасының Британ Кеңесінің CREATIVE SPARK ROADMAP MEETING іс-шарасына қатысуы
2020 жылдың 6-7 ақпан күндері Алматы қаласында Британ Кеңесінің ұйымдастыруымен Қазақстан мен Қырғызстандағы бағдарлама серіктестері үшін Creative Spark Roadmap Meeting кездесуі өтуде. Аталған екі күндік іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жоба үйлестірушісі Армияш Нурмагамбетова және Оксфорд Брукс Университетінен жоба жетекшісі Левент Алтынай қатысып жатыр. Бұл кездесудің мақсаты Қазақстан мен Қырғызстанға экономикалық және әлеуметтік әсер ету үшін Creative Spark серіктестіктерімен, мәдени және шығармашыл индустрияның жетекшілерімен бірлесе отырып, Қазақстан мен Қырғызстандағы кәсіпкерлік білімнің экожүйесін жақсартудың жол картасын жасауға бағытталған.
Жұмыс кездесуінің қатысушылары – Ұлыбритания, Қазақстан және Қырғызстаннан Creative Spark бағдарламасының серіктестері, шешім қабылдаушы тұлғалары, Big Idea Challenge байқауының жеңімпаздары, Орталық Азияның креативті көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдардың және креативті индустриямен байланысты ұйымдардың түрлі өкілдері.
Аталған іс-шара төрт тақырып бойынша жұмысты жүргізуде:
* Оқу бағдарламасы (университет бағдарламасына оқу жоспарын енгізу, кәсіпкерлік бойынша оқудан тыс бағдарламалар, оқыту әдістемесі, студенттер үшін дағдылар және т. б.);
* Кәсіпкерлік хабтар (хабтарды дамыту, хабтардың жұмысы, хабтар нені ұсына алады, стартаптар), қаржыландыру тетіктері (гранттар, бастапқы капитал, инвестициялар, өзін-өзі қаржыландыру және тұрақтылық);
* Кәсіпкерлік және креативті индустриялар саласындағы зерттеулер;
* Ынтымақтастық және әріптестік (халықаралық-институционалдық қолдау, Ұлыбританияның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты қалай құруға болады, серіктестер бір-біріне не ұсына алады, бизнеспен, қауымдастықтармен ынтымақтастық).
Іс-шараның бірінші күнінде Армияш Нурмагамбетова негізгі сессияда Creotalents жобасы туралы презентациямен баяндама жасады, сондай-ақ ынтымақтастық пен әріптестік бағыты бойынша сессияда жоба шеңберінде серіктестермен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл туралы сөз сөйледі. Профессор Л.Алтынай Creative Spark бағдарламасы аясында оқыту және саясатты әзірлеуде ғылыми зерттеулердің маңыздылығы туралы негізгі баяндама жасады. Ол сондай-ақ Британдық Кеңеске Орталық Азиядағы креативті индустрияның рөлі туралы сұхбат берді. Профессор қауым мен Жібек жолын жандандырудағы шығармашылық индустрияның маңыздылығын атап өтті.