Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Арманыңды шындыққа айналдыр» атты тренинг өтті
2020 жылдың 25 ақпанында Creotalents командасы Жастар бизнес инкубаторымен бірлесіп British Council Creative Spark бағдарламасы шеңберінде «Арманыңды шындыққа айналдыр» атты тренинг өткізді. Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының түрлі университеттері мен факультеттердің студенттері қатысты.
Тренингтің мақсаты студенттерді кәсіпкерлікке ынталандыру, инновациялық және шығармашылық бизнес идеялары негізінде нақты бизнес құруға назарларын аударту болып табылады.
Жоба жетекшісі Нурмагамбетова Армияш тренинг қатысушыларына креативті экономика, креативті индустрия саласындағы өзекті бизнес идеялары мен Creotalents жобасы туралы айтып берді.
Жастар бизнес инкубаторының резиденттері болып табылатын ЕҰУ студенттері, жас кәсіпкерлер Кабиев Аслан және Қундакбаев Диар өз идеяларын жүзеге асыру мен бизнесті құру тәжірибесімен бөлісті. Тренинг қатысушылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Сонымен қатар, тыңдаушылар тарапынан қолдан әшекейлер жасайтын түрікменстандық жас қыз Жаннет Артыкованың бейне-әңгімесі үлкен қызығушылық тудырды. Жаннет бейнебаянда өз ісі мен тәжірибеде тап болған қиындықтар туралы айтып өтті.
Нурмагамбетова Армияш студенттерге Британдық Кеңес ұйымдастырған Лондонға сапар мен £3,000 дейін жүлде қоры бар Big Idea Challenge 2020 халықаралық байқауы туралы толық ақпаратты таныстырды. Тренинг барысында қатысушылар топтарға бөлініп, өздерінің креативті идеяларын ұсынды. Сарапшылар ең үздік бизнес идеяларды таңдап, жеңімпаздарды естелік сыйлықтармен марапаттады.
Сондай-ақ, қатысушыларға Британдық Кеңестің ресурстары туралы ақпарат берілді. Creative Spark бағдарламасының серіктестері үшін Британдық Кеңес онлайн ағылшын тілі мен зияткерлік меншік курстарын ұсынады. Толық ақпаратты www.creotalents.com жоба сайтынан таба аласыздар.